«Теміржолсу-Маңғыстау» бұрынғы бас бухгалтері 225 млн теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Мекемеден заңсыз иемденіп алған қаражатты ол жеке қажеттілігіне жұмсаған

ашық дереккөзден

Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді немесе жымқырды деген күдікпен «Теміржолсу-Маңғыстау» ЖШС бұрынғы бас есепшісі ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті мекеменің бұрынғы бас есепшісі квазимемлекеттік сектор қызметкері бола тұра, 2021 жылғы желтоқсан мен 2023 жылғы мамыр аралығында салық төлеу желеуімен төлем құжаттарына жалған ақпарат енгізу арқылы жеке тұлғалардың есепшотына серіктестік қаражатын аударып, кейіннен өзіне қайтарып алғанын анықтады.

Мекемеден заңсыз иемденіп алған қаражатты ол жеке қажеттілігіне жұмсаған.

Бас есепшінің қылмыстық әрекеттерінің салдарынан серіктестікке аса ірі мөлшерде 225 млн теңгеден астам сомаға материалдық шығын келген.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жарияланбайды.