Алматылықтар Q-net қаржы пирамидасына 75 млн теңге салған

Qaz365.kz редакциясы

Оның қызметіне 45 салымшы тартылған

Ашық дереккөзден

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Q-net» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқару күдігіне қатысты істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Qaz365.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тергеу барысында іс бойынша 5 айыпталушы 2018 жылдың қарашасынан 2022 жылға дейін «Q-net» қаржы пирамидасының Алматыдағы филиалдарын басқарғаны анықталды. Оның қызметіне 45 салымшы тартылып, 75 млн теңге материалдық шығын келтірген. Қазіргі таңда 5 тұлғаға қатысты тергеу аяқталып, сотқа жолданды. Тергеу барысында сомасы 27,7 млн теңге болатын мүлікке арест қойылды.

Қаржы пирамидаларын құру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мүлкін тәркілеумен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын ескертеміз», - делінген ведомство мәліметінде.

Айтылып өткендей, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін күдікті кінәсіз болып табылады.