Жамбыл облысында қыз алып қашқан жігіттер 7 жылға сотталды

Qaz365.kz редакциясы

Жігіт қызды үйлену мақсатында алып қашқан.

Жамбыл облысында қыз алып қашқаны үшін 2 адам сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық іс Тараз қаласының №2 сотында қаралды. Оқиға биыл ақпанда болған.

«Ж.» есімді азамат ортақ таныстары арқылы «А.» есімді қызбен танысқан. Бірнеше кездесуден кейін, қыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастырудан бас тартқан. Алайда жігіт қызды үйлену мақсатында алып қашқан», – деп жазылған хабарламада.

Жігіт досымен бірге қызды алдап, көлікке күштеп отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан. Қыздың көмекке шақырған дауысын көршілері естіп қалып, полиция шақырған. Полиция қыз ұрлағандарды ұстаған.

Жігіт пен оның досы Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы «Адам ұрлау» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.