Экс-министр Бекетаев елден қашпақ болған кезде ұсталған – Бас прокуратура

Qaz365.kz редакциясы

Қазір Марат Бекетаевқа қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр

ашық дереккөзден

Экс-министр Марат Бекетаев елден қашпақ болған кезде ұсталған. Бұл туралы Сенат кулуарында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ол басқа жаққа қашпақшы болды. Сол әрекеті кезінде ұсталды. Күдікті екенін ескере отырып, Бекетаев қамалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді Әсет Шындалиев Сенат кулуарында.

Десе де ол экс-министрдің қай елге қашпақ болғанын айтпады. Заңға сүйеніп, басқа ақпарат беруден бас тартты.

Еске салайық, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Әділет экс-министрін «лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген күдік бойынша ұстағанын хабарлаған болатын.

Кейін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Әділет экс-министрі Марат Бекетаевтың ұсталуын әйгілі Стати ісімен байланыстырған еді.