Қарағанды облысында сібір жарасын жұқтырған науқастың бірі қайтыс болды

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы облыстың Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады

Фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлердің қабылдаған шараларына қарамастан, сібір жарасын жұқтырып, жансақтау бөлімінде жатқан 75 жастағы науқас қайтыс болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Пациенттің өліміне сібір жарасы ауруының ауыр сатысы және қатар жүретін ауыр дерттердің болуы себеп болды. Сонымен қатар, науқастың медициналық көмекке кеш жүгінуі де өз әсерін тигізді”, – деп хабарлады Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы.

Сібір жарасын жұқтырған қалған екі пациентке келетін болсақ, олардың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында.

Бұған дейін Қарағанды облысындағы Топар кентінде 3 адам сібір жарасын жұқтырып, тұтас ауылдың карантинге жабылғанын хабарлаған едік.