Ол әмеңгерлік салтты ұстанып қайын ағасымен тұрмыс құрған
Актриса Дариға Бадықова мен актер Олжас Абай орындаған «Сезім үшін» әні көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп, желіде челленджге айналып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осыдан екі жыл бұрын танымал ақын Ақберен Елгезектің сөзіне жазылған Талғат Лестің «Сезім үшін» әнін Ғазизхан Шекербек орындайды. Бірақ ән соншалықты кең танымал бола алмады.
Жақында қалың көпшілікке «Айсара» рөлімен танымал болған актриса Дариға Бадықова кино түсіріп, фильмнің саундтрегіне осы әнді пайдаланған. Ол көпшіліктің көңілінен шығып, әлеуметтік желілерде челленджге айналды.
Оқырмандар үйленген жылдарын еске алып, қазіргі жағдайларына шүкір етіп жатыр. Олардың арасында күйеулері қайтыс болғандары да бар.
Мысалы, Сандуғаш Садық есімді Tik-tok қолданушысы осы әннің ырғағымен әмеңгерлік жолмен қайын ағасына қосылғанын көрсеткен. Ол видео 1,5 миллион қаралым жинады. Мұны өзі де күтпеген. Пікірдің де саны көп.
«Ыңғайсыз емес пе?», «Үйленбей-ақ қолдау көрсетсе болмай ма?», «Ақыретте екі бауыр теріс қарап отырады делінген, себебі екеуіне бір жар. Өте қиын тағдыр. Алланың қалауы болар, бірақ түсіну қиын», «Негізі қайын інісіне шығатын еді ғой», «Осындай керемет салт- дәстүрінің арқасында жетім-жесірін жылатпаған қазақ», «Өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Далаға қаңғып бөтен біреуге баланы жәутеңдеткенше. Бақытты болыңыз»,«Өзінің қанын жібермеген қайын ағаңнан айналайын! Бақытты болыңдар!» – деген секілді әртүрлі сарындағы пікірлер бар.
Кейіннен желі қолданушысы біраз сұрақтың жауабын өзі берді. Видео мұндай резонанс тудырады деп ойламапты.
«Бұл ұсынысты қабылдағаныма өкінбеймін. Бес баламыз бар. 22 жасымда жесір қалдым. Құдай ешкімнің басына салмасын. Әмеңгерлікке келісім беруімнің бірден-бір себебі – балаларымды басқалар сияқты бөтен көрмейді. Бізге де оңай болған жоқ. Қуана шығып кеткенім жоқ. Үлкендердің келісімімен болды. Әке тәрбиесін көрсін дегенді ниет еттім», – деді Сандуғаш Садық.
Видео авторының айтуынша, ол балаларының өзгеден зорлық-зомбылық көрмей өсуін қалап, әмеңгерлік салтты ұстанып, қайын ағасымен тұрмыс құрған. Ол көне салттың қоғамымызда ұмытылып бара жатқанын атап өтті.