Ресей ядролық сынақтар жүргізе бастауы мүмкін: Путин заңға қол қойды

Qaz365.kz редакциясы

Құжат бүгіннен бастап күшіне енеді

Фото: ашық дереккөзден

Ресей Президенті Владимир Путин Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты ратификациялауды жою туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл шартты 1996 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылданған. Құжат ядролық жарылыстарға, сондай-ақ, бейбіт мақсатта жарылыстар жасауға тыйым салуды көздейді.

Шартты өзге мемлекеттермен қатар Қазақстан мен Ресей де ратификациялады. Алайда АҚШ пен Қытай ратификацияламағандықтан, құжат күшіне енбеген. Владимир Путин 5 қазанда «Валдай» пікірталас клубының отырысында айтқандай, шарттың күшіне енбеуі Ресей билігіне ратификацияны қайтарып алуға мүмкіндік береді.

«Ратификацияны қайтарып алу АҚШ-тың 23 жыл бойы бұл құжатты ратификацияламаған әрекеттеріне қарсы жауап болды»,  – деп атап өтті мемлекеттік Думаның төрағасы Вячеслав Володин.

Айта кетейік, бұған дейін Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ратификацияны кері қайтарып алу Ресей Федерациясының ядролық сынақтар жүргізуге ниетті екенін білдірмейді деп айтқан еді.

Сондай-ақ, ақпанда Путин АҚШ ядролық сынақтар жүргізген жағдайда Ресей де соған дайын болуы керек екенін айтты.