Президент әнші Димаш Құдайбергенге тазының күшігін сыйлады

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы әлеуметтік желіге Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды

Ашық дереккөз

Президент әнші Димаш Құдайбергенге тазының күшігін сыйлады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы әлеуметтік желіге Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды. Димаш тазыға «Ғарышкер» деп ат қойып, желіге суреттерін жүктеген.

Берік Уәлидің жазуынша, Президенттің сыйлығына Димаш ерекше қуанып, риза болған.

«Жалпы, қазақтың тазы тұқымын әлемдік деңгейде насихаттауда Димаш үлкен іс атқара алады деп ойлаймын. Өйткені жер жаһанды жауһар өнерімен жаулаған дарабоз әнші ұлттың дәуірлерден жеткен құндылықтарын дәріптесе, дүниежүзіне даңқы жайылмақ. Бұл да мемлекет басшысы айтатын креативті индустрияның бір бағыты болады деген сенімдемін», – дейді Берік Уәли.

Әнші Димаштың өзі Президенттен алған сыйлығы жайлы әлеуметтік желіде былай дейді.

«Тазы – біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған «Жеті қазынаның» бірі. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Себебі бұл қазақы тұқым тән сұлулығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді және менің байқауымша, өте ақылды келеді. Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған, бұл оның тазалығын білдіреді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы – «шапшаң», «епті». Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентімізге алғыс айтамын!».

Тазының атын әнші «Ғарышкер» деп атаған.
Еске сала кетейік, Президенттің тазы тұқымды ит асырайтыны бұрын да белгілі болған. 2021 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы иттерінің суретін жариялаған еді.