Үкімет "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасын бекітті

Qaz365.kz редакциясы

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды

tobyl-torgai.kz

Қазақстан Үкіметі "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасын бекітті. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық жобаның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту.

"Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және оны іске асыруға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат көзделген.

“Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салуға баса назар аударылмақ. Мәселен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан астам ауылда тиісті байланыс желілерін монтаждау жоспарланып отыр.

Жалпы шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жылдамдығы жоғары интернет тартылады.

Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу жоспарланған. Атап айтқанда, 487 антенна-діңгек құрылысын орнату жоспарланып отыр. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.

2025 жылдың соңына дейін 5G технологиясын республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының барлығына енгізу жоспарланып отыр. Осы жұмыс аясындағы байланыс операторларының инвестициялары шамамен 300 млрд теңге болады.

Ұлттық жоба аясында ірі деректер орталықтарын және трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдарды салу бойынша шаралар жоспарланған. Сондай-ақ республикаға жетекші халықаралық IT-компанияларды тарту үшін заңнаманы өзектендіру қажет.

Жалпы ұлттық жобаны іске асыру 2027 жылға дейін қазақстандықтарды жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100%-ға дейін жеткізуге және елдің өңірдегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.