Қонаевта екі полиция қызметкері кәмелетке толмаған қызды зорлап, оны видеоға түсіріп алған - Дина Тансәрі

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы құқық қорғаушы Дина Таңсәрі мәлімдеді

коллаж: Qaz365.kz

«НеМолчи» қорының президенті Дина Таңсәрі екі полиция қызметкерінің кәмелетке толмаған қызды зорлағаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бізге анонимді дереккөздің хабарлауынша, Қонаев қаласында екі полиция қызметкері қызмет бабын пайдаланып, 14 жастағы мектеп оқушысымен жыныстық қатынасқа түсіп, оны видеоға түсіріп алған (видеоны қазір тәртіп сақшылары таратып жатыр). Бізге белгілі болып отырғандай, оның біреуі кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі инспектор, екіншісі ғимараттарды қорғау жөніндегі полиция қызметкері. Қазір екеуі де тұтқындалып, құжат бойынша ерте жұмыстан босатылған.

Бұл ақпарат қаншалықты рас, Рустам Әбдірахманов (Алматы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары)? Растауды немесе жоққа шығаруды талап етеміз!» – деп жазды Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Ол бұл оқиғаны ҚР Бас прокуратурасынан, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінен және Динара Зәкиеваның жеке бақылауына алуды және ақпаратты тексеруді сұрайды.

«Егер ақпарат расталса, қызға қолдау көрсетіп, психологиялық және басқа да көмек көрсетіп, қылмыстық істі бақылауға алуыңызды сұраймыз.

Бұл жағдайды біле тұра үнсіз қала алмаймыз, әйтпесе қылмысты жасырғанымыз үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айырыламыз.

Бұл ақпарат әдейі жалған жала ретінде Дина Смаиловаға қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғауға негіз бола алмайды деп сенемін!» – дейді құқық қорғаушы.