Оның тарихтағы рөлі жайлы ойын білдірген
Болат Назарбаевтың Астанада өткен асында экс-депутат Қуаныш Сұлтанов марқұмнан гөрі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жайлы көбірек айтып, оның тарихтағы рөлі жайлы ойын білдірген. Экс-депутаттың сөзін Елбасының баспасөз қызметі ютуб-парақшасында жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Құрметті жамағат! Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы», – деп бастайды экс-депутат көңіл айту сөзін.
Ол сөзінде қазақтың көңіл айту дәстүрі ерекше екенін, қайғылы әулет көңіл айтқанда елдің ерекше қамқорлығын сезінетінін атап өтеді. Болат Назарбаевпен тікелей араласпаса да, бұқаралық ақпарат құралдарынан ол жайлы оқып-біліп отырғанын жеткізеді.
«Болат марқұм сіздің әулетіңіздегі орны бөлек, сізге бауыр болса да, ел-жұртына белгілі азамат болды. Оның атқарған жұмыстары туралы, сіздің де БАҚ-та да айтылған сөздерден біз онымен тікелей араласпасақ та, хабардармыз. Қаншама үй салуға, қаншама мектеп, мәдениет ошақтарын сақтауға, қаншама адамның емделуіне көмектескен жағдайлары елге әйгілі болып жарияланып жатыр. Дұрыс! Осындайда дүниеден көшкен адамның жақсылығын айтқан дұрыс. Ол оған керек емес шығар, ол тірілерге керек. Біздің қоғамның жақсылығы менен тазалығына керек. Қазір 70 жас деген заманның, табиғаттың өзгеруіне қарасақ, ол әлі де қайрат жасы. Сондықтан Болат Әбішұлының арты жақсы болсын дейміз. Арты қырсықсыз болсын дейміз», – дейді сөзінде ол.
Экс-депутат осыдан кейін экс-Президенттің әулетіне амандық тілейді.
«Нұрсұлтан Әбішұлы, тарих та, тағдыр да сізге ерекше өмір сыйлады. Сізге ерекше тағдыр сыйлады. Кез келген пенденің басына бермейтін ерекше қасиеттер сіздің бойыңыздан орын тапты. Біз тәуелсіздігімізді жариялаған күнде осы күнде кім болса да өзінің шаңырағын, жерін, елін сыйлаған адамның бәрі де біледі», – дейді ол.
Қуаныш Сұлтанов тоқсаныншы жылдардан бері Қазақстан шекарасын шегендегенін, Астана бой көтергенін, 1993 жылы халқының саны 260 мың болған елордада адам саны 1 миллионнан асқанын айтады. Осының бәрін Назарбаевтың арқасы дейді.
Еске сала кетейік, кеше Астанада Нұрсұлтан Назарбаев қайтыс болған інісі Болат Назарбаевқа арнап ас берді. Асқа «Ескі Қазақстан» атанған бұрынғы шенеуніктер жиналды. Асқа бұрынғы Сенат төрағасы, Мәжілістің бұрынғы депутаты Дариға Назарбаева, бұрынғы облыс әкімдері Гүлшара Әбдіқалықова мен Даниал Ахметов, экс-Президенттің күйеу балалары Тимур Құлыбаев
пен Қайрат Шәріпбаев, Әнипа Назарбаева, белгілі адамдардан Қырымбек Көшербаев, Қайрат Мәми, Ерлан Тұрғымбаев, Қалмұханбет Қасымов, Нұртай Әбіқаев, Қайрат Қожамжаров, Ермұхамет Ертісбаев, Байбек Қыдырғали, Ахметжан Есімов, Өмірзақ Шөкеев, Мырзатай Жолдасбеков, Бүркіт Аяған қатысқан.