Екібастұзда 7 жастағы қыздың өліміне қатысты жаңа дерек шықты

Qaz365.kz редакциясы

Хаттамада қылмыстық оқиға 17 қарашада болғаны жазылған

коллаж Qaz365.kz

Бүгін Екібастұз қалалық әкімдігіне қарасты Қоянды ауылдық округінде жантүршігерлік оқиға болды. Өз қызын өлтірді деген күдікпен 34 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Жергілікті БАҚ (kerek.pv)  толтырылған хаттаманың көшірмесін желіге жүктеді. Өз қызын өлтірді деген күдікпен анасы 34 жастағы Татьяна Давыдованың ұсталғаны жазылған. Ол «Болат» шаруашылығында сиыр бағатын Асқар Әбілдиновпен бірге тұрады екен. 52 жастағы азамат бұрын істі болып, 1 жыл 6 айға бас бостандығы шектелген. 

Хаттамада қылмыстық оқиға 17 қарашада болғаны жазылған. Татьяна Давыдова танысы Асқар Әбілдиновпен бірге 2015 жылы дүниеге келген қызына дене жарақатын салған. Алдын ала мәлімет бойынша қызы басынан алған жарақаттан сол жерде тіл тартпай кеткен. Әйелдің тапсырмасымен Әбілдинов мәйітті үйден 250 метрге жерге апарып, металл цистернасының жанына көмген. Үстін қоқыс заттарымен жауып тастаған көрінеді. 

Қазіргі кезде кісі өлтіру фактісі бойынша ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Жергілікті БАҚ-тардың жазуынша, қыздың әкесі Александр Колтин бөлек тұрады. Бейресми ақпарат бойынша, қыз бала шешесін көңілдесімен көріп қойғандықтан, әкесіне осыны мәлім ететінін ашық айтқаны себеп болуы мүмкін екені айтылады.