2024 жылы зейнетақыны тағайындау процесі өзгереді

Qaz365.kz редакциясы

Зейнетақыны тағайындау процесі өзгереді

Фото: freepik.com

Келесі жылы зейнетақыны тағайындау процесі өзгереді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Басқа салалардағы сұранысқа ие қызметтерді де қолға алдық. Мысалы, зейнетақы тағайындау процесі өзгертіліп, келесі жылы мүлдем жаңа форматта жүргізілмек. Сонымен қатар жұмысқа тұру кезінде талап етілетін 12 түрлі анықтамаларды жою, интернетке қосылу, декларация тапсыру, балабақшаға кезекке тұру сияқты жобалар әзірленіп жатыр», – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ министр жылжымайтын мүлік саласына да тоқталды.

«Жылжымайтын мүлікті, мысалы үйді, пәтерді, офисті сатып алғанда немесе сатқанда бұрынғыдай нотариуске, ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ болады. Мұндай онлайн-сервис Blockchain және биометриялық сәйкестендіру технологиялары арқылы көрсетілетін болады. Әрбір мүлік бойынша жасалатын іс-әрекеттер, бейнежазбалар «Электрондық үкіметте» сақталады. Сөйтіп, бірнеше күн алатын процесс 1 сағаттың ішінде бітетін болды», – деді ол.