Әлия Назарбаеваның компаниясын жұлып алып тастау мүмкін емес – ҚТЖ бастығы

Qaz365.kz редакциясы

Қазір құзыретті беру актісі жүріп жатыр

Фото: ашық дереккөздерден

«Қазақстан теміржолы» компаниясының төрағасы Нұрлан Сауранбаев ұлттық тасымалдаушы, экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі делінетін Instant Payments ЖШС-мен келісімшарт бұзылмағанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Біріншіден, бұл проблеманың ұзаққа созылғанын білесіздер. Осы мәселе туындаған кезде жоғарыда аталған Әлия Назарбаева бірден акционерлер құрамынан шықты. Ол жоқ. Бұл  цифрлық жұмыстармен айналысатын адамдар тобы болатын. Бірақ министр Бағдат Мусин осында қасымда отыр. Министр қазір-ақ компаниямен келісімшартты бұзуға болатынын біледі. Алайда одан кейін біз онлайн сатып алу қызметін ұсына алмай қаламыз. Демек компанияны осылай бірден жұлып алып тастау мүмкін емес», – дейді Нұрлан Сауранбаев.

Ол қазіргі уақытта құзыретті беру актісі жүріп жатқанын жеткізді. Ашық конкурс өткен.

«Белгілі бір компания жеңіп алды және қазір «Instant Payments»  ЖШС-ден осы қызметті конкурста жеңіске жеткен жаңа компанияға тапсыру жүріп жатыр. Бұл процесс 1 желтоқсанда аяқталады», – дейді ҚТЖ төрағасы.

Әлия Назарбаева «Instant Payments»  ЖШС арқылы 2014 жылдан бастап ҚТЖ-дан пайда тауып келген. Компания пойыздарға электрондық билеттерді ресімдеу және сатумен айналысқан.