«Жаназаға хаттама бойынша бардыңыз ба?»: Смайылов Болат Назарбаевты жерлеу рәсіміне қатысу себебін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Смайылов Болат Назрбаевтың жаназасына қатысу себебін түсіндірді

Фото: ашық дереккөздерден

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қайтыс болған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевты жерлеу рәсіміне не себепті барғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Премьер-министр Сенат залында өткен брифингте Болат Назарбаевты жерлеу рәсіміне баруына қатысты пікір білдірді.

Журналистер одан «жаназаға баруыңыз азаматтық ұстанымыңыз ба? Әлде хаттама бойынша жасалды ма?» деп сұрады.

Оның айтуынша, ол ұзақ жылдар бойы сақталып келе жатқан дәстүрден аттап кеткісі келмеген.

«Ата-бабамыздан бері келе жатқан, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміз бар. Бұл – марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айту. Сондықтан премьер-министр ретінде мен тұңғыш президентке көңіл айтуды дұрыс деп санадым. Оның үстіне бұл күні Алматыда іссапармен болдым. Біз үлкен және маңызды жобаны бастадық. Бұл Алматыны айналып өтетін айналма темір жол құрылысының басталуы еді. Бұл – біздің көлік және транзит қауымдастығын жақсарту үшін маңызды жоба. Сондықтан мен Алматыда іссапармен болып тұрып жоғарыда айтқанымдай, тұңғыш президентке көңіл айтуды дұрыс деп санадым», – деді Смайылов.

Айта кетейік, экс-президенттің інісі 13 қарашада қайтыс болған. Оны жерлеу рәсіміне қатысу үшін премьер-министр Әлихан Смайылов Алматы облысының Шамалған ауылына барған. Ал сол күнге жоспарланған үкімет отырысы кейінге шегерілген.