«Сатқындық емес»: Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Экс-депутат Түркия азаматтығын алды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Фото: parlam.kz

Өткен жылы Мәжілістің экс-депутаты Бекболат Тілеухан Түркия мемлекетінің азаматтығын алуға өтініш берді деген ақпарат тараған еді. Кейін өзі мұны жоққа шығарған. «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында осыған қатысты тағы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Паспорт ауыстырыпты, Қазақстан азаматтығын тастап кетіпті деген қауесеттер көп. Тастаса, онда тұрған не бар? Бірақ олай істеген жоқпын. Сатқындық деп айта алмаймын. Бір адамдар «Қазаққа беретініңізді бердіңіз, қолыңыздан келгенді істедіңіз, қазаққа қызмет қылған бір адам сіздей-ақ болсын.  Қазақтың өнеріне, әдебиетіне, киносына, спортына, саясатына да өз үлесіңізді қостыңыз» деп айтты. Сол кезде былай жауап бердім: «Әкеңе «кеше «Запорожье» мініп жүр едіңіз, «Range Rover» әпердім» деп міндетсінбейсің ғой. Отанға қызмет ету де солай», – дейді Бекболат Тілеухан.

Айта кетейік,  былтыр тамыз айында отандық БАҚ беттерінде Бекболат Тілеухан Түркия мемлекетінің азаматтығын алуға өтініш бергені туралы ақпарат тараған.  Сосын өзі Стамбұлдағы Қазақстан елшілігіне барып, көк төлқұжатын көрсетті. Түркия азаматтығын алмағанын дәлелдемек болған Бекболат қазақстандықтарға бейнеүндеу жолдаған да болатын.