Ресейден келген ерлі-зайыпты театрларына демеуші іздейді
Новосібірден Алматыға көшіп келген ерлі-зайыпты киіз үйдегі театр ашқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ресейлік театр әртістері Юлия мен Виталий Шенгиреевтер Қазақстанға Павлодар арқылы келген. Жергілікті тұрғындар оларға ас-су беріп, қонатын орынжай ұсынған. Ерлі-зайыптылар біртіндеп Алматыға қоныс аударған. Онда да алматылықтар келушілерді құшақ жая күтіп алып, «2 act» деп аталатын театр ашуға көмектескен. Олар көшпелі театр жасауды да жоспарлап отыр.
Қазір театр репертуарында жиырмаға жуық қойылым бар.
«Біз өзіміз декорация іздейміз. Костюм тігеміз. Спектакльдерді қойып, реквизиттерді жасаймыз. Біз кәсіби біліктілігі жоғары маманбыз. Күйеуім режиссер әрі актер. Мен актрисамын. Біздің театрда шеттен келгендер де, жергілікті азаматтар да бар», – дейді олар.
«Настоящее времяға» берген сұхбаттарында айтуларынша, театрдан табатын табыстары қазір жалдап отырған пәтерлерінің ақысын және актерларға жалақыларын төлеуге жетеді. Сондай-ақ олар актерлік шеберлік бойынша жергілікті мектептердің бірінде сабақ беретіндерін айтады.
«Мен Қазақстанға келе жатқанда бұл ел жайлы не білдім? Ештеңе! Тек журналист Дудьқа сұхбат берген Ирина Кайратовна тобының видеосын көрген едім. Ол кезде ИК «Чина» әнін әлі жазып үлгермеген кез. Мен сол сұхбатты көрген кезде «Не деген керемет!» деп, бұл елге тамсанғанмын. Ал біз қазір Алматыдамыз. Осы жерде тұрамыз. Мен қазір Ресейдегі достарыма «демалыс кезінде бәрің осы жаққа келіңдер, бұл жер керемет» деп айтамын. Бірақ ешкім келмеді. Содан таяуда тосынсый болып менің құрбым келді. Біздің театрдың фотосын жіберіп, «мен осындамын» дейді. Құрбым тауға бір қарап, жолға бір қарап, қандай керемет қала деп тамсанып жүр. «Иә, иә» деп қоям. Құрбым Сингапурда болған. Алматыны көгал, тал-тоғайы мол екінші қала деп атайды», – дейді Юлия.
Тик-токта Юлия тікелей эфирге жиі шығады. «Толағай», «Қарлығаш» секілді қазақтың аңыз, ертегілерінен айтып отырады.
Ерлі-зайыптылар Қазақстанда тұруға ықтиярхат алуға өтініш берген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға қоныс аударған ресейліктер туралы жазған болатынбыз.