Мемлекет басшысы қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы хостелдердің бірінде қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды», – делінген хабарламада.
Еске салайық, 30 қарашада шамамен таңғы сағат 5.33-те Әди Шәріпов көшесіндегі «Almaty Hostel» хостелінің жертөлесінен өрт шықты. 13 адам көз жұмды. Тағы 59 адам эвакуацияланды. Хостелде, алдын ала мәлімет бойынша, 72 адам болған. Өртті сөндіруге қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің 46 адамы мен 13 техникасы жұмылдырылған.