Шағын роликте белгілі азаматтар қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге шақырады
Qaz365.kz ақпараттық агенттігінің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жарияланған «Qazaqsha Jaz» қозғалысының тілді қолдаған қоғамдағы белгілі азаматтардың ролигі желі қолданушыларының қолдауына ие болуда.
Ролик көптің көңілінен шығып, желі қолданушылары өз ұсыныстарын жазып жатыр.
«Қазақстан мәңгілік ел бізге 5000 жыл жаса жасай бер, менің Қазақстаным», - деп жазады оқырманның бірі.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте дегім келеді, қазақ тілі керемет әдемі тіл ғой қолдаймын!» деп қостайды оны екінші оқырман.
«Мен барлық жерде қазақша сөйлеуді өзіме міндет етіп алдым. Нәтижесі жаман емес. Өзіңнен бастау керек», - дейді тағы бір оқырман.
«Қазақ тілінің мәртебесін көтеретін уақыт баяғыда келді ғой. Бұл іске әр қазақ өзінің үлесін қосу керек», - дейді тағы бірі.
Кейбір азаматтар тілді қолдауды әр азамат өзінен бастауы керектігін жазады.
«Кафе, автобус, магазинде тағы жерлерде қазақша талап етейік, өзімізден бастайық», - деп бастамаға үн қосады.
«Мен қазақтар басқаратын, құжаттары орысша жүріп, қазақшаға аударғысы келмейтін компанияда жұмыс жасаймын» деп өз көргенін айтады тағы бірі.
Кейбір азаматтар өзі кездескен мәселені айтады. Мәселен, бір қолданушы «балабақшада қазақша сөйлесін дегенім үшін директордан сөз естідім» дейді.
«Жекеменшік клиникада тіркеудеміз, қол қағаздар орыс тілінде қазақшасы жоқ», - деп те жазып жатқандар бар.
Қазақ тілі мәселесінің жылдар бойы түйіні шешілмей келе жатыр. 30 жылдық тәуелсіз тарихында әлі күнге дейін мемлекеттік тіл толық тұғырына қонған жоқ. Мемлекеттік мекемелерде әлі де болса орыс тіліне басымдық беретіндер көп. Әсіресе, елдің шығыс, солтүстік бөлігінде ахуал қиын.
Еске салайық, ғаламторда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге арналған «Qazaqsha Jaz» парақшасында тілді қолдаған қоғамдағы белгілі азаматтардың ролигі жарияланды. Онда елге белгілі азаматтар, журналистер мен саясаттанушылар, әншілер қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге, сол арқылы тілді қолдауға шақырады.