×

«Билігі орысша сөйлейтін елде тұрамын»: Қоғамда белгілі азаматтар қазақ тілін қолдауға шақырды

«Qazaqsha Jaz» парақшасында тілді қолдаған қоғамдағы белгілі азаматтардың ролигі жарияланды

«Билігі орысша сөйлейтін елде тұрамын»: Қоғамда белгілі азаматтар қазақ тілін қолдауға шақырды
Стопкадр

Ғаламторда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге арналған «Qazaqsha Jaz» парақшасында тілді қолдаған қоғамдағы белгілі азаматтардың ролигі жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қазақша сөйлеуге ұялатын, телефонын қазақшаға ауыстырса, күліп қарайтын, банкоматтың қазақшасы түсініксіз деп есептейтін, қызметтің қазақша болуын сұраудан қысылатын елде өстік. Бірақ, соған қарамастан, қазақшасын сұраудан талмаймыз. Біз көппіз! Қазақшасын таңдасақ қана тіл дамиды. Қолданыстағы тіл ғана бай болады. Қазақшасын қолданайық. Қазақшасынан ұялмайық», – делінген Qazaqsha Jaz жазбасында.

Шағын роликте елге белгілі азаматтар, журналистер мен саясаттанушылар, әншілер қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге, сол арқылы тілді қолдауға шақырады.

«Біздің еліміздің азаматтары қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің сапасы төмен деп айтады. Бірақ оған қарамастан мен қазақ тілінде көрем», – дейді журналист Тимур Балымбетов.

«Ресми құжаттар алдымен орысша жазылып, одан кейін ғана онлайн-аудармашы арқылы қазақшаға аударылады. Бірақ сонда да қазақша болуын талап етем!» – дейді белгілі редактор, медиатренер Назгүл Қожабек.

«Мен 14 жыл бұрын кәсіп бастағанда еліміздегі кәсіп жүргізу тілінің бәрі орысша болатын. Соған қарамастан, мен өз кәсібімді қазақ тілінде жүргіземін», – дейді кәсіпкер Дулат Тастекеев.

«Билігі орысша сөйлейтін елде тұрамын. Бірақ мен бұл жағдайды өзгерткім келеді», – дейді журналист Әсем Жәпішева.

«Бізде қазақша контент тегін болуы керек деген ұғым бар. Бірақ мен қазақша контенттің ақысын төлеймін», – дейді әнші Есболат Беделхан.

«Мен Конституциясы орысша жазылып, қазақша аударылған елде тұрамын. Бірақ демократиялық жаңа Конституция қазақша жазылғанын қалаймын!» – дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.

«Кафе-мейрамханада тек орыс тілінде қызмет көрсетеді деп ойлайтын елде тұрамын. Бірақ сонда да қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етемін», – дейді журналист Белла Орынбетова.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →