Қазақстанда мұнай бағасының өсуі мен доллар бағамының өзгеруі қоғамда түрлі сұрақ тудырып отыр. Әсіресе, «мұнай қымбаттаса табыс артуы тиіс еді, неге керісінше әсер байқалады?» деген сауал жиі қойылады. Бұл мәселеге Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Вице-министр Ержан Біржанов мұнай бағасының жоғарылауы мен теңге бағамының өзгеруі әртүрлі бағытта әсер ететінін атап өтті.
Оның айтуынша, мұнай қымбаттағанда түсетін негізгі табыс республикалық бюджетке емес, Ұлттық қорға бағытталады. Ал теңге бағамының күшеюі импорттан түсетін қосылған құн салығы мен кедендік төлемдердің азаюына әкеледі.
«Біз екіжақты жеңіліп тұр деп айтқан жоқпыз. Біріншіден, мұнайдың құны жоғарылаған кезде Ұлттық қорға қаражат түседі. Екіншіден, теңгенің курсы төмен болған жағдайда импортқа қосылған құн салығы мен кедендік төлемдер азаяды», — деді ол.
Вице-министр бюджет жоспарлау кезінде доллар бағамы 540 теңге деңгейінде алынғанын, алайда қазіргі көрсеткіш одан төмен екенін жеткізді. Соның салдарынан республикалық бюджетке түсетін түсім азайғанымен, мұнай кірісі арқылы Ұлттық қор толықтырылып отыр.
Сонымен қатар, ол елде «біріктірілген бюджет» ұғымы бар екенін еске салды. Оның құрамына Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджеттер кіреді. Сондықтан бір бағыттағы шығын екінші бағыттағы түсіммен теңгеріледі.
«Бұл теңгерімді баланс болып саналады. Себебі біріктірілген бюджет бар. Оның ішіне Ұлттық қор да, республикалық бюджет те, жергілікті бюджет те кіреді», — деді Ержан Біржанов.
Шенеунік мұнай бағасының құбылмалы екенін де атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда бағаның бір күнде күрт өсіп немесе төмендеуі жиі кездеседі, сондықтан ұзақ мерзімді тұрақты табыс туралы айту қиын.
«Қазір мұнай бағасы бір күнде тым жоғарылайды немесе түседі. Бұл орнықты жағдай емес. Біз әлі мониторинг жүргізіп жатырмыз, бірнеше сценарийіміз бар», — деді ол.
Сондай-ақ, вице-министр Ұлттық қор қаражаты тікелей жұмсала бермейтінін еске салды. Бұл қаражат болашақ ұрпаққа арналған қор ретінде қарастырылады.
«Әрине, Ұлттық қорды және республикалық бюджетті қоса алғанда біз “минуста” емеспіз. Бірақ Ұлттық қор — болашақтың қоры. Ол қаражатты біз қазір толықтай тура пайдалана алмаймыз», — деп түйіндеді ол.
Еске сала кетсек, мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстанның импортқа тәуелділігіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, нақты ақпарат арқылы мәселенің ауқымын көрсеткен еді. Ол шетелдік импортқа нақты 278 млрд доллар кеткенін атап өтті.