Пәкістан қазақтарының елге келе алмай жүргеніне 18 жылдың жүзі болды
Пәкістаннан Ауғанстанға қоныс аударған қазақ Хамид Жорабай әлеуметтік желіде жазба жариялап, Қазақстан билігі мен жұртшылықтан көмек сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, Пәкістанда жүрген кезінде Қазақстаннан барған таныстары Ауғанстанға барып, құжат рәсімдеуге болатынын айтқан. Алайда үміттеніп Ауғанстанға келген ел қазір тығырыққа тірелген.
«Мен Хамид Жорабаймын, Пәкістаннан келген қазақпын. Мен қазір Ауғанстандамын. Пәкістанда болған кезде, Қазақстаннан келген көптеген достарымыз бізге Ауғанстанға барып, паспорт алуды айтты. «Біз сізге көмектесеміз. Сіздер Қазақстанға келесіздер». Алдымен өз ұрпағымыздан, яғни сарбас тайпаларынан. Содан кейін Пәкістанның Исламабад қаласындағы Қазақстан елшілігі бізге үлкен кепілдік берді», – дейді ол.
Ол Ауғанстанда жарты жылға жуық уақыт болғанын айтты. Алайда қазіргі таңда ешбір мекемеден жауап ала алмай отырғанын жеткізді.
«Біз Ауғанстанда алты ай болдық. Қазіргі уақытта ешкім қоңырауларымызға жауап бермейді. Біз Қазақстан үкіметінен, мақтан тұтатын қазақ халқынан және Қазақстандағы достарымыздан көмек сұрап отырмыз. Ауғанстандағы экономикалық жағдайымыз қатты нашарлады», – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда шетелде тұратын этникалық қазақтардың құқықтық жағдайы мен олардың тарихи отанына көшу мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Qaz365.kz бұған дейін Пәкістаннан Ауғанстанға жер аударылған қазақтарға хабарласқан болатын. Тағдырдың тауқыметін тартқан қандастардың қазіргі жағдайы жайлы материалымыздан оқыңыз.