Әлихан Бөкейханов туралы фильм түсіруге ақша табылмады дегенге сенбеймін - Азат Перуашев

Qaz365.kz редакциясы

Мәжіліс депутаты “Алаш” тақырыбын Парламентте талқылау жайлы ойын айтты

Коллаж: Qaz365.kz

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Алаш» тақырыбын Парламентте талқылау жайлы ойын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүгін Парламент мәжілісінің жалпы отырысынан кейін журналистердің бірі мәжілісмен Азат Перуашевтен Алаш тақырыбы жөнінде сұраған. 

«Біздің партиямыз «Алаш» тақырыбын Мәжілісте, парламенттік мінберде 2012 жылдан бастап жиі көтеріп келеді. Алаштың мұрасын, ұстанымдарын зерттеу, насихаттау, іске асыруды «Ақ жол» партиясы өзінің рухани, саяси міндеті деп санайды», – деді депутат.

Тілшілер депутаттан «Алаш тақырыбына қатысты парламенттік тыңдау өту керек пе?” деп сұрады.

«Иә, оны жасауға болады. Бірақ тыңдау – бір-ақ рет өтетін іс-шара. Ал біздің ойымызша, «Алаш» идеясы ұран ретінде айқайлайтын мәселе ғана емес. Алаш ұғымының артында бірталай ұстанымдар жатыр. Біз соны іске асыруымыз қажет», – деді Азат Перуашев.

Сордай-ақ депутат Қазақстан неге 13 желтоқсанды ресми мереке ретінде атап өтпейтінін айтты. Айта кетейік, Алаш партиясының мүшелері 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында Алаш Орда үкіметінің құрылуын жариялаған еді.

«Ақ жол партиясы былтыр осы жайында депутаттық сауал жолдады. Үкіметтің жауабы түсініксіз болды. 2012 жылдан бастап жіберген сауалдарымызды Үкімет зерттеу институттарына, тарихи институттарға жіберіп, олардың жауабын күтуде», – деп жауап берді мәжілісмен.

Сондай-ақ Перуашев «Қазақфильмнің» Әлихан Бөкейханов жайлы фильм түсірмейтін болғанына қатысты пікір білдірді.

«Түрлі тұрмыстық хикаяларды түсіруге қаражаты бар. Ұлт көсемі туралы фильм түсіруге ақша табылмады дегенге сенбеймін», – деді депутат.

Еске салайық, былтыр желтоқсанда Ақ жол партиясының мүшесі Берік Дүйсенбинов (ол кезде парламент депутаты болған) 12 желтоқсанды Қазақстанда «Алаш күні» деп ресми белгілеп, мемлекеттік деңгейде атап өтуді ұсынған еді. Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған. Алайда үкімет партияның бұл ұсынысын қолдамаған.