Жамаубаев мобильді аударымдар үшін салынатын салық жайлы айтты
Вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мектептер мен балабақшалардағы балаларға жаңа жылдық сыйлық үшін ақша жинайтын ата-аналарға мобильді аударымдар үшін салық салына ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ерұлан Жамаубаев мобильді аудармаларды реттейтін заң 2022 жылы қабылданғанын еске салды.
«Қазір банктермен апробация жүріп жатыр, пилоттық жоба жүріп жатыр. Яғни біз үш ай ішінде бір карточкаға 100 аударым болатыны жөнінде өлшем қойдық. Бақылаймыз. Бұл талаптар шартты сипатқа ие. Тірліктегі тынысқа қарай түзете аламыз. 100 аударымнан кем немесе көп болуы мүмкін, бірақ, соған қарамастан, заң не нәрсеге бағытталған? Бұл заң былтыр қабылданған. Кәсіпкерлік қызмет сипатына ие мобильді аударымдарға салық салынуын қамтамасыз етуді көздейді. Ал егер бұл туыстар, әріптестер арасындағы қарапайым аударымдар болса, әртүрлі жағдайлар болады ғой, бұл кәсіпкерлік қызметке жатпайтыны және салық салынбайтыны түсінікті», – деді ол Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, заңның негізгі мақсаты – жиі жүргізілетін аударымдарды тіркеу.
«Біз бизнеске бұл үшін арнайы карта, арнайы шот ашып, кәсіпкерлік қызметтің белгілі бір түрі бойынша қалағаныңызша ақша аударып, тіркеліп, салық төлей аласыздар деп айтып отырмыз. Осылайша, көлеңкеде жұмыс істейтін бизнесті ережелі шеңберге шығарсақ дейміз. Мұндай жағдайларда (ата-аналар жаңа жылдағыдай балаларға сыйлықтар жинау кезінде – ред.) салық жағынан шаралар қабылданбайды, өйткені біз бұл бір реттік алымдар екенін білеміз. Мұндай төлемдер бойынша тәуекел жоқ. Олар бизнес – дүкені бар адамдар бойынша немесе біреу такси жүргізушісі болып жұмыс істесе, базарда көкөністер мен жемістерді сатса, яғни бизнеспен тікелей айналысатын адамдарға қатысты», – деп түйіндеді Ерұлан Жамаубаев.