Аязды екі күн ішінде автожолдарда 5 мыңнан астам адам құтқарылды

Qaz365.kz редакциясы

Екі күнде бірқатар облыста республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды

Фото: ТЖМ

Екі тәулік ішінде еліміздің автожолдарында 5 мыңнан астам адам, оның ішінде 275 бала құтқарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бірқатар облыста республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды.

Өткен тәуліктің өзінде жолдарда 4 510 адам, оның ішінде 225 бала құтқарылды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, полиция, «ҚазАвтоЖол», шекара жасағының күштері мен құралдары жұмылдырылды.

"Бұдан басқа, Жамбыл облысына өзара іс-қимыл шеңберінде және Қырғыз Республикасына баратын 100-ге жуық автокөліктің жүріп-тұруына көмек көрсету үшін Қырғызстан ТЖМ күштері мен құралдары келді", – деп жазылған хабарламада.

Жамбыл облысының Жуалы және Қордай аудандарында 4096 адам, оның ішінде 181 бала, 39 шетел азаматы құтқарылды.

Тараз қаласынан Шымкентке қарай шығаберісте 400-ден астам автокөлік, Қордай асуында 60 бірлік, Благовещенкада 340 бірлік көлік кептелісте тұр. Автожолдарды тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

Түркістан облысында 357 адам, оның ішінде 40 бала құтқарылды.

Шымкент-Тараз бағыты бойынша Шұқырбұлақ елді мекенінің аумағында шамамен 400 бірлік техника, Шақпақ ауылының ауданында шамамен 230 бірлік техника кептелісте тұр. Олардың ішінде 1200-ге жуық адам бар. Азаматтар жылыту пункттеріне орналастырылған.

Жамбыл және Түркістан облыстары әкімдерінің шешімдерімен Қордай, Шу және Түлкібас аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Жетісу облысында "Үшарал-Достық" автожолында қар құрсауынан 57 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды.

Алматы және Қарағанды облыстарында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Қолайсыз ауа райында мал жаюға және мал іздеуге шыққан үш адам аман-есен табылды.

ТЖМ дабылды ескерту кезеңінде алыс сапарларға шықпауға, алыс қашықтыққа жаяу жүруден бас тартуға кеңес береді.