Полиция күдіктіні қолға түсірді
Қызылордада әскерден жалтаруға көмек беруге уәде берген алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Полиция мәліметінше, кеше полицияға 52 жастағы облыс тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, белгісіз азамат сеніміне кіріп, «ұлын армияға жібермейтіндей шешіп беремін» деп, 300 мың теңге көлемінде ақшасын алдап алған. Бірақ ол уәдесін орындамаған, алған ақшасын да қайтармаған. Қазір жәбірленушінің ұлы әскерге шақырылып, Отан алдындағы әскери борышын өтеп жатыр.
«Полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Ол 34 жастағы, еш жерде жұмыста жоқ, Қызылорда қаласының тұрғыны болып шықты. Күдікті УҰИ-ға қамалды. ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.