«Айканың тізімі»: Әділет министрі жеке деректердің жарияланып кетуіне қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Министр Қазақстанда жезөкшелікті заңдастыруға қатысты сұраққа жауап берді

Фото: ашық дереккөзден

Әділет министрі Азамат Есқараев қазақстандықтардың жеке мәліметі жарияланып кеткені үшін жазаны күшейту мәселесін қарастыруға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрге «Айканың тізімі» деп аталатын жеке деректер көрсетілген тізімді жариялағандар қандай жазаға тартылатыны және Қазақстанда жезөкшелікті заңдастыру мүмкін бе деген сұрақ қойылды.

Азамат Есқараев тексеріс жүріп жатқанын, мәселені қарастыруға дайын екенін атап өтті.

«Менің білуімше, бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті тексеріс жүріп жатқаны туралы ақпарат жарияланды. Сондықтан тексерістің қорытындысын күту керек. Менің түсінуімше, ІІМ тиісті тексеріс жүргізіп жатса, олар да бұл мәселеге алаңдап отыр деген сөз. Жазаны күшейту бойынша мәселені зерделеу керек шығар. Бұл мәселені қарастыруға болады», – деді ол.

Қазақстанда жезөкшелікті заңдастыруға қатысты Есқараев бұл мәселе Әділет министрлігінде қарастырылып жатқан жоқ деп жауап берді.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде «элиталық эскорт» қызметін ұсынғандар мен клиенттері деп аталған бірқатар тұлғаның жеке деректері көрсетілген «Айканың тізімі» тараған еді.