Павлодарда еріп кеткен мұз қалашығы 52 миллион емес, 60 миллионға салынған

Qaz365.kz редакциясы

Бұл мәліметтерге қоса, конкурсты өткізу кезінде жол берілген бірқатар заңбұзушылық деректері хатқа түсіріліп, бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне тапсырылған

Жаңа жыл қарсаңында, қоғам тарапынан шу тудырған Павлодардағы мұз қалашығының құны әкімдік өкілдері мәлімдегендей 52 миллион емес, 60 миллион теңге болып шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап. 


Алдымен 27 желтоқсанда қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы  бөлімі нысанды қабылдап алып, 52 миллион теңге мердігердің есеп шотына аударылғаны жайлы ресми мәлімет берген болатын. Ал оған дейін қала әкімінің орынбасары 53 миллион теңгеге мұз қалашығы салынып жатыр деп жариялады. Бірақ бүгін бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жеке зерттеу жүргізіп жүрген республикалық қоғамдық бірлестігінің аймақтағы өкілдігі конкурстық талаптардан бастап, жобалық-сметалық құжаттарына дейін тексеріпті.

«Әділдік жолы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы Нұргүл Қайырденованың айтуынша, келісімшарт бойынша 20 желтоқсанда бұл мұз қалашығы салынып бітіп, қабылдануы керек болатын.

 «Бірақ бүгінгі күні міне 28 желтоқсан бұл қалашық біткен жоқ. Порталда жұмыстың аяқталғаны туралы акті, не ақша аударылғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Яғни, жұмыс қабылданбаған бүгінге дейін. Айтып отыр ғой 52, 53 млн деп, бірақ біздің көргеніміз НДС қосқанда 59 млн 999 мың 999 теңге, былайша айтқанда 60 млн ақша бөлініп отыр», – дейді Нұргүл Қайырденова.

Бұл мәліметтерге қоса, конкурсты өткізу кезінде жол берілген бірқатар заңбұзушылық деректері хатқа түсіріліп, бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне тапсырылған. Қазір қалашықта бірен-саран жұмыскерлер бар. Олар еріп кеткен мүсіндердің орнына пластмассадан жасалған жасанды фигураларды орнатып жатыр. Бірақ, осындағы бірде-бір нысан пайдалануға жарамсыз. Сырғанақтарда мұз жоқ, тақтайы шығып кеткен. Қаңтар бойы өңірде күн райы жылы болады. Біз басқа да қоғамдық ұйымдармен бірігіп, бюджет қаражатын кері қайтаруға күш саламыз, – дейді «Әділдік жолы» бірлестігінің аймақтағы өкілі.