Ұлытау облысында дәрігерлер төбелес шығарды

Qaz365.kz редакциясы

Медицина қызметкерлері уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: mail.kz

Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық ауруханасында медицина қызметкерлері арасында төбелес шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиға бойынша аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғады, тергеу жүріп жатыр.

Жаңаарқа ауданы әкімдігінің мәліметінше, жанжал аурухананың бірнеше қызметкері арасындағы түсініспеушілік салдарынан болған.

«Аурухана меңгерушісі жұмыстан уақытша шеттетілді. Сондай-ақ оқиғаға байланысты денсаулық сақтау басқармасының басшысы бастаған арнайы топ жұмыс істеді. Ұлытау облысы бойынша департаменті Жаңаарқа ауданында болып, аудан әкімінің қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді. Қызметтік тексеру басталды. Бұл мәселе аудан басшылығы мен әкімдігінің бақылауына алынды», – деді Жаңаарқа ауданы әкімдігінде.

Тергеу әлі жүріп жатыр. Оқиғаға қатысушылар мән-жай толық анықталғанша жұмыстан шеттетілген.

«2023 жылдың 27 желтоқсанында Ұлытау ауданы Жаңаарқа орталық аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерінің арасында дене күшін қолдану арқылы жанжал шығып, салдарынан зардап шеккендер бар. Аталған факті бойынша Жаңаарқа ПБ Ауданда Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы "Бір топ адамдар жасаған бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді Ұлытау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов.

Алғашқы тергеу әрекеттерінің қорытындысы бойынша аудандық аурухананың басшысы мен бір дәрігері Қылмыстық кодекстің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.