«Кем дегенде екі адам қаза тапты»: Павлодарда автобус шахта шұңқырына түсіп кетті

Qaz365.kz редакциясы

Автобус әлі табылмады, іздеу жұмыстары жалғасуда

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысында құтқарушылар мінген автобус шахта маңындағы шұңқырға түсіп кетіп, кем дегенде екі құтқарушы қаза тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары қаза тапқан екі адамның денесін құмнан тапқанын өкінішпен хабарлаймыз. Мәйіттерді жер бетіне шығару жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлады Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабында.

Автобус табылмады, іздеу жұмыстары жалғасуда.

Еске салайық, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайыңзолото» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Алдын ала болжам бойынша, құлаған аумақтың ұзындығы – 150-200 м, ені – 500 м, тереңдігі –150 м.

Апат кезінде автобуста төрт адам болды: республикалық орталық штаб кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды.