Астанада Назарбаевтың ескерткіші не үшін алынып тасталды – Қорғаныс министрлігі жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Ескерткіш қазір Қорғаныс ведомствосының үй-жайының бірінде сақтаулы тұр

Фото: ашық дереккөзден

Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағынан тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші не үшін алынып тасталғаны белгілі болды. Қорғаныс министрлігі ресми түсіндірме хабарламасын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қорғаныс министрінің бұйрығымен «Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті» атауы «Ұлттық қорғаныс университеті» болып өзгертілді.

Осыған байланысты Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында орналасқан Тұңғыш Президенттің ескерткішін ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта ескерткіш Қорғаныс ведомствосының үй-жайының бірінде уақытша сақтауда тұр. Дайындық шаралары өткізілгеннен кейін ескерткіш орнату үшін мұражай ғимаратына көшіріледі», – делінген министрлік хабарламасында.

Еске салайық, бүгін Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағынан тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылы 80 жылдығына орай салтанатты түрде ашылған ескерткіші алынып тасталғаны хабарланған еді.