Қарағанды облысында кәсіпкерді қорқытқан полиция бөлімінің бастығы жұмысынан қуылды

Qaz365.kz редакциясы

Аталған факті бойынша Қарағанды облысының прокуратурасы қадағалау актісін енгізді

Фото: polisia.kz

Қарағанды облысы прокурорының ұсынуы бойынша Приозерск қаласы полициясының бірқатар қызметкерлері жауапқа тартылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Приозерск қаласының прокуроры әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында қалалық полиция бөлімі бастығының мейрамхана әкімшісіне бақылаушы-қадағалаушы органдардың тексерулерімен қорқытып, Жаңа жыл қарсаңында жұмыс істеуге тыйым салынатыны туралы телефон арқылы сөйлесуінің бейнежазбасын анықтады», – делінген прокуратура хабарламасында.

Тексеру нәтижесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының кәсіпкерлік қызметпен айналысу еркіндігіне кепілдік берілетіні туралы 26-бабының талаптарын бұзу фактісі анықталды.

Аталған факті бойынша Қарағанды облысының прокуратурасы қадағалау актісін енгізді.

«Нәтижесінде Тәртіптік комиссия Приозерск қаласы полиция бөлімінің бастығын атқаратын қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Қазір тиісті материалдар ҚР ІІМ-ге жолданды. Сонымен қатар аталған полиция бөлімінің 5 лауазымды тұлғасы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.

Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтары бұзылған жағдайда дереу +7 778 099 91 11  нөмірі бойынша (Қарағанды облысы прокуратурасының мобильді тобы) немесе аумақтық прокуратура органдарының сайттарында көрсетілген нөмірлер бойынша хабарласуды сұраймыз.