«Масс-медиа туралы» заң жобасынан «баспасөз картасы» туралы бап алынып тасталды

Qaz365.kz редакциясы

«Масс-медиа туралы» заң жобасы әлі қаралып жатыр

Фото: Shutterstock.com

Мәжіліс қарауындағы 78 баптан тұратын «Масс-медиа туралы» заң жобасында "журналистер Ақпарат министрлігінен «баспасөз картасын» алуға тиіс" деп көрсетілген. Бұл көптеген журналистердің ашуын туғызған. Бүгін депутат Нартай Аралбай жағдай өзгергенін мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мәжілісте «Масс-медиа туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Сол жұмыс топтың мүшесімін. Осы заң жобасындағы «баспасөз картасы» журналистердің қытығына тиген еді. Оны беретін ұйымдардың санаулы болуы, журналистерге қойылатын талаптардың да ақылға сыймайтыны туралы жиі айтылды. Әріптестерім осы мәселені көп көтерді. Мінеки, нәтиже шықты. Енді «баспасөз картасы» деген түсінік заңда болмайды. Тиісті ұсынысты депутаттар да көтерді. Үкімет қорытындысымен бекітілді. Бұл баршаға ортақ жеңіс деп ойлаймын», – дейді Нартай Аралбайұлы. 

Бұған дейін Мәжіліс «Масс-медиа туралы» даулы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. 30 қарашада Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева екінші оқылымға дейін жобадағы даулы тұстар ескеріледі деп мәлімдеді.