«Үнемі көзі көгеріп жүретін»: Салтанат Нүкенованың әпкесі сотта жаңа деректерді айтты

Qaz365.kz редакциясы

Ол Сатанаттың тұрмысқа шыққаннан кейін мүлде өзгергенін айтты

Фото: әлеуметтік желі / Jogargy_sot

Астанада өтіп жатқан Қуандық Бишімбаевтың сотына бүгін марқұм Салтанат Нүкенованың немересі әпкесі Айнұр Нүкенова келді. Ол Сатанаттың тұрмысқа шыққаннан кейін мүлде өзгергенін айтып, біраз детальдарды баяндап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

2023 жылдың шілдесінде Салтанат Нүкенова немере әпкесіне неліктен кездесе алмайтынын айтқан. Яғни үнемі көзі көгеріп жүретіндіктен жолығудан қашқан көрінеді.

«Біз бірге шетелге шығатынбыз, таңғы асты, түскі, кешкі асты бірге ішетінбіз. Ал тұрмысқа шыққан соң ол мүлде жоғалып кетті. Менен қарызға ақша сұрайтын болды. Тойдан кейін бұрынғыдай араласпайтын болды. Өйткені барлық тыйым салатын еді. Қуандық не айтады деп қорқып жүретін. Соңғы рет 5 қарашада көрдім. Мен сені алып кетейін, ешқандай бақылаусыз тыныш өмір сүресің деп айтқым келген», - дейді Айнұр Нүкенова.

«Ол сіңілісіне хабарлама жазса, өзім байланысқа шығамын. Әйтпесе, құдай сақтасын Қуандық көріп қалса не болатынын», деп айтады екен.

Сонымен қатар Айнұр Бишімбаев үш рет талақ берген соң мешітте екінші рет неке қиғанын айтты.

«Мен олар неге екінші рет неке қиып жатырсыңдар деп сұрадым. Ол кезде үш рет талақ айтылатынын білмеген де екем. Павлодарға кетіп қалған кезде ол Бишімбаев үш рет талақ берген. Сол үшін олар екінші рет неке қидыруды жөн деп шешкен екен», - дейді марқұмның немере әпкесі.