Танымал түрік актерлері жер сілкінісінен жапа шеккендерге қаржылай көмек жинап жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Түркияның танымал өнер қайраткерлері, актерлер жер сілкінісінен жапа шеккендерге көмектесіп жатыр

видеодан скриншот

Түркияның танымал өнер қайраткерлері, актерлер жер сілкінісінен жапа шеккендерге көмектесіп жатыр. Олардың қатарында Кенан Имирзалыоғлы, Ханде Эрчел, Езги Мола бар. Сондай-ақ танымал актерлер Бурак Өзчивит пен Фахрие Эвджен де тікелей эфирде қаржылай көмек жинады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілішісі tv100.com-ға сілтеме жасап.

“Барлық қарап отырған жандарды аз демей, көп демей, менің жібергенімнің пайдасы болмас деп ойламай, қолдан келгенше көмектесуіңізді сұраймыз. Бұдан ауыр апаттардан сақтасын. Онсыз да өте қиын жағдайдамыз”, – деді олар.

Айта кетейік, 6 ақпанда Түркияның Оңтістік-Шығыс аймағында орын алған жойқын зілзала кезінде қаза тапқандар саны 24 617 адамға жеткен, ал 80 278 адам әртүрлі деңгейде жарақат алған. 

Қаза тапқандардың арасында қазақстандықтар да бар. Түркияға іссапармен барған Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті болып істеген Мирболат пен оның әріптестері жер сілкінісі кезінде хабар-ошарсыз кеткен. Мирболаттың інісі Алмат Құрмашев бастаған топ  дереу оларды іздеуге Түркияға аттанған болатын. Өкінішке қарай, іздеушілер Мирболат Құрмашев пен оның әріптесі Әділ Қыдырбаевтың мәйіті Хатай провинциясының Антакия қаласындағы үйінділердің астынан табылды. Бүгін Алматыда Мирболат Құрмашевті ақтық сапарға шығарып салды.

Ал тағы бір әріптесі, үйінді астынан аман-есен шығарылған Сабина Мамадьярова қазір Адана қаласының мемлекеттік ауруханасында емделіп жатыр. Кеше оның зақымдалған қолына ота жасалды. 

Ел Президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, табиғи апат салдарынан 6444 ғимарат құлаған. Жер сілкінісінен, атап айтқанда, Кахраманмараш, Газиантеп, Диярбакыр, Малатия және Адана провинциялары көп зардап шекті. Президент бұл жер сілкінісі Түркиядағы 1939 жылдан бері болған ең үлкен табиғи апат екенін атап айтты.

Бұған дейін Qaz365.kz «Шексіз сезім» (Kara sevda) сериалының жұлдызы, актер Угур Асланның Хатайдағы отбасының жартысы үйінді астында қалғаны туралы жазған болатын.