×

Алматыда Мирболат Құрмашевті ақтық сапарға шығарып салды

Жаназасы Алматы қаласындағы Райымбек батыр мешітінде шығарылды

Алматыда Мирболат Құрмашевті ақтық сапарға шығарып салды
Qaz365.kz

 Алматылықтар Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқан Мирболат Құрмашевті ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мирболат Құрмашевтің жаназасы Алматы қаласындағы Райымбек батыр мешітінде шығарылды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін, жаңалыққа жаны құмар, елімізді цифрландыруға өзінің қомақты үлесін қосқан талантты жігіттің жаназасына жиналған халықтың қарасы мол.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қаза тапқан Әділ мен Мирболаттың денесін елге жеткізу бойынша барлық шығындарды мемлекет өз мойнына алды.  

Айта кетейік, Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті болып істеген Мирболат пен оның достары, әріптестері Түркияға іссапармен барған еді. Жер сілкінісі кезінде хабар-ошарсыз кеткен Мирболат Құрмашев пен оның серіктерін інісі Алмат бастаған топ іздеуге аттанған болатын. Өкінішке қарай, іздеушілер Мирболат Құрмашевтың денесін Хатай провинциясының Антакия қаласындағы үйінділердің астынан алып шықты. Мирболатпен бірге әріптестері – қазақстандық Әділ Қыдырбаевтың және түрік азаматының да мәйіті табылды.

Ал бірге болған тағы бір әріптесі, үйінді астынан аман шығарылған Сабина Мамадьярова қазір Адана қаласының мемлекеттік ауруханасында. Кеше оның зақымдалған қолына ота жасалды, дәрігерлер бойжеткеннің денсаулық жағдайын тұрақты деп бағалауда.

ҚР СІМ мәліметіне сәйкес, соңғы төрт күнде Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Элязык провинцияларынан 124 Қазақстан азаматы шығарылған, оның ішінде 58 ел азаматы Астанаға репатриациялық рейстермен жеткізілген.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →