АҚШ пен Иран арасындағы стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазына бақылау орнату үшін текетірес шегіне жетті. АҚШ Президенті Дональд Трамп егер Иран америкалық кемелерге шабуыл жасауға әрекеттенсе, бұл елдің «жер бетінен жойылып кететінін» мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
4 мамырда АҚШ әскери-теңіз күштері екі айдан бері Иранның блокадасында тұрған 800-ге жуық коммерциялық кемені қауіпсіз алып өту мақсатында «Project Freedom» операциясын бастады. АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының мәліметінше, америкалық эсминецтер бұғазды кесіп өтіп, Иранның 6 шағын катерін жойып, зымырандары мен дрондарын істен шығарған.
Тегеран америкалық тараптың мәлімдемесін жоққа шығарып, керісінше Иран әскерилері АҚШ кемелерін шегінуге мәжбүр еткенін айтады. Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи бұғазды күшпен ашу әрекеті «тұйыққа тірейтінін» ескертсе, парламент спикері Мохаммад Галибаф Иран «әлі өз күшін көрсетуді бастаған да жоқ» деп сес көрсетті.
Оқиға зардаптары:
Біріккен Араб Әмірліктері: 4 мамырда Фуджейрадағы мұнай терминалына соққы жасалып, өрт шықты. Оқиғадан 3 адам жараланды. БАӘ бұл шабуылға жауап беру құқығын өзіне қалдырды.
Коммерциялық кемелер: Maersk компаниясы өз кемесінің бірі америкалық әскерилердің көмегімен бұғаздан өткенін растады. Ал Оңтүстік Корея туы астындағы кеме Иран тарапынан атқыланып, зақымдалған.
Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалының күретамыры. Оның жабылуы немесе тұрақсыздығы жаһандық энергия нарығында үлкен дағдарыс тудыруы мүмкін.