Қазақстанда «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасына депутаттық этиканы қатаңдататын жаңа нормалар енгізілді. Құжат бойынша, бұдан былай депутаттарға Құрылтай отырыстары мен жұмыс топтарының жиындарында жеке өтініштерін немесе кәсіби өкілеттігіне жатпайтын мәселелерді көтеруге тыйым салынады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттарға қойылатын басты талаптар:
Сөйлеу мәдениеті: Негізсіз айыптауларға, дөрекі және өзгелердің ар-намысына тиетін сөздерге жол берілмейді.
Тыйымдар: Заңсыз және күш көрсету әрекеттеріне шақыруға, Құрылтай жұмысына кедергі келтіруге, сөйлеушінің сөзін бөлуге және балағат ишараларын жасауға болмайды.
Ақпараттық жауапкершілік: Депутаттар БАҚ-та, митингілерде және әлеуметтік желілерде тек сенімді әрі тексерілген деректерді пайдалануға міндетті. Егер жалған ақпарат таратылса, депутат көпшілік алдында кешірім сұрауға тиіс.
Бақылау қалай жүзеге асады?
Тәртіпті қадағалау үшін арнайы Әдеп жөніндегі кеңес құрылады. Бұл орган депутаттардың сұхбаттарын, мақалалары мен мәлімдемелерін сараптап, ереже бұзылған жағдайда шара қолданады. Сондай-ақ, Кеңес жеке және заңды тұлғалардың депутаттардың мінез-құлқына қатысты шағымдарын қарайды.