×

«Аттан, қазақ!»: Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильмінің цензураға ұшыраған көрінісі туралы айтты

Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильмінде режиссер Сұлтан Қожықовтың түсірген соңғы көрінісіне рұқсат берілмегенін айтты

«Аттан, қазақ!»: Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильмінің цензураға ұшыраған көрінісі туралы айтты
Фото: Сұлтан Қожықов, Меруерт Өтекешова, фильмдегі кадрлар. Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Ұлттық кино өнерінің классигі, «Қыз Жібек» арқылы қазақ руханиятына жаңа эстетикалық деңгей әкелген режиссёр Сұлтан Қожықов Қонаевтың қолдауына қарамастан, кеңестік партиялық жүйенің қыспағын көрді. Қатты цензура кезінде қазақ руханиятын, болмысын көрсете алған режиссерге «ұлтшылдыққа бейім» деген айыптар тағылып, талай ескерту жасалды. Мая Бекбаеваға берген сұхбатында Меруерт Өтекешова режиссердің фильмнің соңын басқаша түсіргенін айтты. Оның сөзінше, «Қазақ жерін қақ айырып жатыр!» деген сөзі бар көрініске рұқсат берілмеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Айта кетейік, қандай қыспақ көрсе де, Сұлтан Қожықов түсірген фильм мемлекеттік сыйлыққа ие болып, сол кезеңдегі қазақ киносының ең танымал туындысына айналды. Бірақ түрлі жағдайлар режиссёрдің денсаулығына салмақ салмай қоймады. Түсірілім аяқталған соң Сұлтан Қожықов инфаркт алып, ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болды.

«Біраз уақыт өткен соң түсірілім аяқталды. Содан кейін Сұлтан аға инфаркт алып қалды. Бұрын инфаркт қазіргідей тез емделмейтін, ұзақ ем болатын. Сол себепті ол кісі ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болды. Монтаж жасау да сол кісіні күтіп тұрды. Ол кісісіз монтаж жүрмейді ғой. Фильмнің екі нұсқасы болды. Біз көбіне екінші нұсқасын көреміз. Ал алғашқы нұсқада Сұлтан Қожықовтың ойлаған финалы мүлде бөлек еді. Сол нұсқада жоңғарлардың шабуылы көрсетілетін үлкен эпизод бар болатын. Олардың жерімізге қалай басып кіргені, Ақжайықтан су ішкен қолбасшы бар, “Еділ, сені күтіп тұр” деген сөздері бар. Бәрі түсірілген еді. Тіпті қаумалап келе жатқан жоңғарлардың тұтас әскері бейнеленген үлкен көріністер бар болатын», — деді Меруерт Өтекешова. 

Актриса фильмнің соңында Қыз Жібектің «иең қайда?» демей, Төлегенмен қоштасқан жерге баратынын айтты. Оның айтуынша, Жібек сол жерде онымен қоштасып, сосын суға қалыңдықтың киімімен кетеді. 

«Оның суға ағып кеткен сәукелесінің желегін жоңғарлар найзамен түйреп алып жатқан көрініс бар. Сол жерде Шеге: «Аттан, қазақ! Аттан, Қазақ! Біздің жерімізді қақ айырып жатыр!» деп айқайлайды. Мұнда қандай философиялық мағына жатқанын елестетіңізші. Бұл көрініске рұқсат бермеді», — деді Меруерт Өтекешова.

Меруерт Өтекешова дәл осы көріністі жастарға «рух береді» деп бағалады. 

«Сұлтан Қожықов бұл эпизодты өте әсерлі түсірген. Ол рухты көтеретін көрініс болатын. Қазір де осындай дүниелер керек сияқты. Отанға деген сезімді сол арқылы сезінетін едік», — деді Меруерт Өтекешова. 

Актриса алғашқы фильмнің тұсаукесеріне барған сәттің әлі есінде екенін және еш ұмытпайтынын айтты. Дәл осы сәтте ол ерекше толқығанын да жеткізді.

«Мен фильмнің түсаукесерін ұмытпаймын. Сол кезде алдымен мен бастап жүрдім, артымнан бәрі ерді. Мен солдат сияқты қатып тұрдым. “Бірдеңе айтасыз ба?” деді. Мен басымды ғана шайқадым. Қорықтым. Түсірілім кезінде қорықпаған едім. Ал көрермен алдында қатты қысылып, толқып кеттім. Бұл мен үшін үлкен оқиға болды. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Үлкен экранда, түсі бар фильмде алғаш рет өзімді көрдім. Атағы дардай актерлердің арасында мен отырдым», — деді Меруерт Өтекешова.

Айта кетейік, актриса Құман Тастанбековпен қалай табысқандарын және оның өмірінің соңғы сәті жайлы айтып берген еді. Ол соңғы сәтте ешкімнің қастарында болмағанын айтып көзіне жас алған еді.

Еске сала кетсек, Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильміндегі камзолды киіп желіге салғанда жұрт өре түрегеліп, қызу пікірталасқа көшкен еді. Меруерт Өтекешова осы жағдайға қатысты пікірін айтты. 

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →