Қарағанды облысындағы «Жаңа Қарағанды» станциясында пойыз теміржолшыны басып кетті. Алған жарақаттары салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды. Бұл ақпаратты Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қайғылы оқиға 3 мамырға қараған түні болған. Қазіргі таңда теміржол көлігі қозғалысының қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Оқиға туралы ақпарат Қарағанды-Сұрыптау станциясының желілік полиция бөліміне дереу жолданды. Компанияның бас инженері – жауапты басшының шұғыл оқиға орнына барды», – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясынан.
ҚТЖ мәліметінше, қаза тапқан азамат жол монтёры қызметін атқарған. Қазіргі уақытта арнайы тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша оқиғаға ресми құқықтық және өндірістік баға берілетін болады.