Күдікті Ресей тарапына құпия мәліметтерді беріп келген
Берлинде Германияның қылмыстық полиция қызметкерлері Ресей арнайы қызметтерімен байланыста болды деген күдікпен Қазақстан азаматын ұстады. Германия Бас прокуратурасының мәліметінше, құжаттарда Сергей К. деп көрсетілген күдіктіге қатысты 29 сәуір күні бұлтартпау шарасы тағайындалады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «Настоящее Время» телеарнасына сілтеме жасап.
Тергеу болжамы бойынша, ұсталған азамат 2025 жылдың мамыр айынан бастап Ресей барлауымен байланыс орнатып, Германияның Украинаға көрсетіп жатқан әскери көмегі мен неміс қорғаныс өнеркәсібі туралы құпия ақпараттарды беріп келген. Ресейлік тарапты, әсіресе, дрон шығаратын компаниялар мен робототехника саласы ерекше қызықтырған.
Сондай-ақ, тергеушілер күдіктінің мынадай әрекеттерге барғанын алға тартуда:
Автомагистральдардағы әскери колонналарды, соның ішінде НАТО конвойларын суретке түсіру;
Берлиндегі мемлекеттік ғимараттарды бақылау;
Германия аумағында диверсия жасауға қолайлы нысандар туралы мәлімет жинап, тыңшылық топқа жаңа адамдар тартуды ұсыну.
Күдіктінің пәтерінде тінту жұмыстары жүргізілді. Құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің хабарлауынша, Сергей К.-ның бұған дейін Украинаның Донецк облысында Ресей жағында соғыс қимылдарына қатысқан болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат бар.