Бұған дейін бұл істі жекеменшік компания атқарып келген
Қазақстанға сырттан әкелінетін ұялы құрылғылардың IMEI-кодтарын верификациялау функциясы мемлекеттік компанияға беріледі. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тиісті заңнамалық өзгерістер қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатыр.
Вице-министрдің айтуынша, үкімет деңгейінде бұл қызмет түрін мемлекеттік монополияға өткізу туралы шешім қабылданған. Енді телефондарды верификациялаумен тікелей мемлекеттік ұйым айналысатын болады. Бұл қадам заңсыз импортты шектеу және нарықты реттеу шараларының аясында жүзеге асырылмақ.
Бұған дейін IMEI-кодтарды тексерумен «ATS Mediafon Kz» жекеменшік ЖШС айналысып келген болатын. 2025 жылғы 24 наурыздан бастап күшіне енген ережеге сәйкес, импорттаушылар әрбір әкелінген телефон үшін 1 АЕК көлемінде ақы төлеуге міндеттелді. Бұл компанияны БАҚ өкілдері Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Талғат Өтеубаевпен байланыстырған еді.
Жаңа ережелер күшіне енген соң, шетелден сатып алынған барлық телефон міндетті тексеруден өтуі тиіс. Бұл жүйе елге «сұр» схемалармен кіретін құрылғылардың жолын кесуге бағытталған.