Астанада танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды. Сот шешімімен Ерболат Жанабылов мүлкі тәркіленіп, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу үшін екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Алайда, сотталушының тәрбиесінде кішкентай балаларының болуына байланысты, сот оның жазасын орындауды екі жылға шегеру туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін прокуратурамен жасалған процестік келісім аясында ерлі-зайыптылар мемлекетке 247 миллион теңге шығынды толық өтеген болатын. Сондай-ақ, олар өз кінәларын мойындап, істеген істеріне өкінетіндерін жеткізді. Осы жағдайлар жаза мерзімін жеңілдетуге негіз болды.
Еске сала кетейік, блогерлерге заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған еді.