Иран билігі АҚШ-қа Ормуз бұғазын ашып, соғысты аяқтау, сондай-ақ ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді кейінге қалдыру туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Axios-қа сілтеме жасап.
Иран тарапының бұл ұсынысы дипломатиялық тығырықтан шығып, мәмілеге тезірек келуді көздейді. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп бұл қадамға баруға асығар емес. Сарапшылардың пікірінше, блокаданы алып тастау Ақ үйдің Тегеранға ядролық бағдарламаны тоқтату мәселесінде қысым жасау тетігінен айыруы мүмкін. 26 сәуірде Fox News телеарнасына берген сұхбатында Трамп блокаданы жалғастыру ниетін растап, бұл шара Иранды алдағы апталарда жол беруге мәжбүр ететініне сенім білдірді.
Сонымен қатар АҚШ көшбасшысы Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнердің Пәкістанға жоспарланған сапарын тоқтатты. Трамптың айтуынша, келіссөздер үшін делегация жіберу тым көп уақытты алады. Осы оқиғалардан кейін Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи Исламабадтан кетіп, Ресеймен өңірлік мәселелерді талқылау үшін Санкт-Петербургке баруды жоспарлап отыр.