Қайғыдан қан жұтқан ата-аналар жауапты тұлғаларды қатаң жазалауды талап етіп отыр
Түркістан облысында екпе алған сегіз айлық бала бір тәулік ішінде шетінеп кетті. Сегіз жыл бойы күткен перзентінен бір сәтте айрылған ата-ана әлі күнге дейін өлімнің себебін анықтай алмай жүр. Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының айналасындағы дау мұнымен тыншитын түрі жоқ.
Qaz365.kz тілшілері ата-аналармен тілдесіп, істің мән-жайын анықтады.
Жыл басынан бері осы медициналық мекемеде алты баланың көз жұмғаны қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Қайғыдан қан жұтқан ата-аналар аурухананың жұмысын сынға алып, оны «емдеу орны емес, мәйітханаға айналды» дейді. Олар жұмысына салғырт қараған дәрігерлердің жазалануын талап етеді.
Майра Жұмашева сегіз жыл күткен сәбиінен пневмонияға қарсы екпе салдырғаннан кейін айырылып қалғанын айтады. Оның сөзінше, Бейбарыс Рашидке вакцина 23 қаңтар күні егілген. Жарты сағат ішінде жағдайы күрт нашарлаған сәбиді ата-анасы дереу Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына жеткізген. Алайда дәрігерлер бір-біріне сілтеп, бала ақыры жансақтау бөліміне түскен.
«Баламның аты — Рашид Бейбарыс Бекжанұлы. 23 қаңтар күні сағат 15:47-де түстім. Оны Ақжар дәрігерлік емханасының дәрігерлері жеткізген. Түскен кездегі шағымы – баланың температурасының төмендеуі, құсуы, мазасыздануы және әлсіздігі болды. Қабылдау бөлімінде дәрігер қарап, шұғыл анализдер алды. Содан кейін кезекші реаниматолог шақырылды. Баланың құсуына байланысты “Басқа анықталған зақым” (другие уточненные поражения”) диагнозы қойылды, сонымен қатар гипотермия анықталды. Орталық жүйке жүйесінің бұзылуы деген болжам болды. Толық анализдер алынған соң, жағдайы орташа болғандықтан балалар бөліміне ауыстырылды. Сағат 11:00–11:30 шамасында мейірбике вакцинаға шақырған. “Пентаксим” вакцинасы салынған. Бұған дейін желтоқсан айында да осы вакцинаны алған. Екпеден кейін сағат 13:30 шамасында бала мазасызданып, құса бастаған. Дәрігерге апарған, бірақ жағдайы жақсармаған. Кейін мейірбике мен учаскелік дәрігер шақырылып, баланы өз көлігімен жеткізген, жедел жәрдем шақырылмаған», — деді Майра Жұмашева.
Фото: Qaz365.kz
Алайда арада төрт ай өтсе де, сәбидің нақты неден көз жұмғаны ресми түрде жарияланбаған.
«Кіріп келгенде бізді Эльмира Қалтаева қарсы алды. Ревматолог Нұрлан Баймырзаевты шақырдық, бірақ ол баланы қолына да алмады. “Бұл реанимациялық бала емес, шок жағдайындағы бала” деді де кетіп қалды. Мен палатада жатқанда, баламның жағдайы нашарлап кеткен соң өзіміз жүгіріп жүріп дәрігерлерді реанимацияға апардық. Жауапкершіліктің жоқтығынан сап-сау баламды бір күнде жоғалттым. Екпе алғаннан кейін жарты сағат ішінде балам құсып, мұздай тер шықты, әлсіреп кетті. Дәрігерлерді шақырдым, олар келіп, “жүрек соғысы күшейген” деп ауруханаға алып барды. Бірақ мұнда “асқазан” деп диагноз қойды. Бұл – емізетін, сегіз айлық бала. Маған “майлы тамақтан” деді. Мен үкіметке сендім. Денсаулық сақтау министрлігі қайда қарап отыр? Екпе салғаннан кейін неге көмек көрсетілмейді? Бала 16 сағаттың ішінде қайтыс болды. Есімім — Жұмашева Майра Ералықызы. Баламның аты – Рашид Бейбарыс. “Мүмкін, сирек кездесетін жағдай шығар” дейді. Неге дәл менің балама келді?», — деді Майра Жұмашева.
Сарыағаштағы орталық ауруханаға ем іздеп келіп, баласының мәйітін құшақтап шыққандар мұнымен бітпейді. Нұрбақыт Тұрақбай да қызуы көтерілген тұңғышын ақпан айында осы орталыққа алып келген. Бірақ өз аяғымен келген 2,5 жастағы Айсерікке укол салынғаннан кейін жағдайы күрт нашарлаған.
Фото: Qaz365.kz
«Есімім — Нұрбақыт Тұрақбай Сәбитұлы. 2,5 жасар баламнан айырылып отырмын. Сәбитбек Айсерік температурамен түсті. 2–3 күннің ішінде өлігін алып кеттік. Мәйітханада кестірмес үшін арыз-шағымымыз жоқ деп жазып бердік. Бірақ бұл кешірімге жатпайды. Тағы 2–3 бала бар, олардың да диагнозы – асқазан, инфекция дейді. Ешқайда арыз жазбаған. Бірақ келесіде ауруханаға келгенде ем алатынымызға көзіміз жетуі керек. Мықты мамандар керек, аппараттар керек. Сарыағашта кез келген адамнан сұрасаңыздар, ақша болмаса емдемейді – бәрі біледі. Ақшасы барлар қалаға барады, ал ақшасы жоқтар өле беруі керек пе сонда?», — деді Нұрбақыт Тұрақбай.
Айнагүл Әуезова да екі жастағы жалғыз немересінен осы ауруханада айырылғанын айтады. Оның сөзінше, дәрігерлер ата-ананың рұқсатынсыз баланың асқазанын шайып, кейін басқа қан тобын құйған.
Фото: Qaz365.kz
«Атым — Айнагүл Әуезова, Қанаған ауылынан келдім. 1 ақпан күні түске таман бала ауырды. Жарты стақан анар жеп, содан кейін қышқылдығы көбейіп, құса бастады. Екі жастағы бала ойнап-күліп үйден шыққан. Ауруханада баланың асқазанын рұқсатсыз жуып тастаған. Жағдайы дұрыстала бастағанда, “реанимацияға ауыстыру керек” деді. Кейін басқа қан тобын құйып жіберген. Түнде бала су сұраған, бірақ ешкім бермеген. Үш сағаттан кейін бізге баланың мәйітін берді. Ол жансақтау бөліміне өз аяғын басып, жүріп кірген бала еді», — деді Айнагүл Әуезова.
Фото: Qaz365.kz
«Менің есімім — Төлегенов Бекжан Рашидұлы. Ұлымнан айырылып отырмын. Ауылдық емхана вакцина салуға шақырды. Температурасын тексерместен екпе салды. Үйге келгеннен кейін жарты сағаттан соң бала мазасыздана бастады. Ауыл дәрігерлері өз көлігімен жеткізді. Бала қайта-қайта құсып жатты. Ауруханаға жеткізген соң “асқазанын бұзып алған” деді. Көп ұзамай, 10 күннен кейін көршіміздің баласы қайтыс болды. Одан кейін тағы қайталанды. Барлығы “басқа диагноз” дейді. Бірақ мен білетінім – менің баламнан бөлек тағы бес нәресте қайтыс болды. 3,5 айдың ішінде алты бала көз жұмды. Неге?», — деді Төлегенов Бекжан.
Аурухана өкілдері кейбір медицина қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
«Барлық тиісті мамандарға тәртіптік шара қолданылды. Қатаң сөгіс берілді. Қазіргі таңда толық қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беріледі», — деді аурухана өкілі.
Фото: Qaz365.kz
Дегенмен, баласынан айырылған ата-аналар емдеу мекемесіне толық тексеріс жүргізіп, жауапты тұлғаларды қатаң жазалауды талап етіп отыр.
Еске сала кетсек, Теміртаудағы «Айгөлек» балабақшасында кішкентай қызды бетінен ұрған тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.