13 жастағы баласын қаңғыбас иттер талап өлтірген әке бақылаудың жоқтығын айтты
Ақтөбе облысында бірнеше жыл бұрын болған қайғылы оқиға қоғамда әлі де шешімін таппай келе жатқан жағдайға тағы қоғамның назарын аударды. Қаңғыбас иттердің шабуылынан 13 жастағы бала көз жұмды. Баланың әкесі Отарбек Әбшанов оқиғаның қалай болғанын айтып, жауапкершілік мәселесін көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Балам ойынға шығып кеткен…»
Отарбек Әбшановтың айтуынша, қайғылы күн әдеттегідей басталған. Ол жұмыста болған кезде баласы сыртқа ойнауға шыққан.
«Оқиға болған күні мен жұмыста болдым. Балам ойынға шығып кеткен. Бір кезде мектептен WhatsApp арқылы хабарлама келді. Балаларға ескерту жасап жатыр екен, бір балаға иттер шабуыл жасағаны туралы хабарлама болды. Сол кезде мән бермедім… Кейін полиция келді. Бізге видеоны көрсетті. Сол кезде ғана бәрін түсіндік», – дейді ол.
Әкенің сөзінше, оқиға қаладағы ықшамаудандардың бірінде болған.
«Видеода алдымен бір қара ит болған. Айтуынша, ол жаңа күшіктеген ит екен. Күшіктерін қызғанып, алдымен сол шабуыл жасаған сияқты», – деді ол.
Оқиға барысында жағдай ушығып кеткен. Ауыр жарақат алған бала қайтыс болған.
«Басында бір ит болса, кейін оған тағы 3-4 ит қосылып, топ болып кеткен. Сол кезде балам қашып құтыла алмай қалған. Иттер жиналып, талап тастаған. Сол жерде ауыр жарақат алып, жан тапсырды», – деп түсіндірді ақтөбелік тұрғын оқиғаны.
Отарбек Әбшанов мұндай оқиғалар әлі де жалғасып жатқанын айтады.
«Менің баламнан кейін де осындай жағдайларды естіп жүрмін. Бір ер адам баласын көтеріп тұрған кезде иттер шабуыл жасаған. Тағы бір 7 жасар балаға шабуыл болған. Бір қыз бала иттерге таланғаннан кейін психологиялық соққы алып, ешкіммен сөйлеспей қалған», – деп көрген-естіген оқиғаларын бөлісті Отарбек Әбшанов.
Оның айтуынша, бұл – шешілмей келе жатқан мәселе. Ол мәселенің түп-төркіні – бақылаудың әлсіздігі мен жауапкершіліктің жоқтығында екенін айтты.
«Мен нақты не істеу керек екенін білмеймін. Бірақ адам қауіпсіздігі бірінші орында болуы керек. Ең басты құндылық – адамның өмірі мен денсаулығы», – деді ол.
Сондай-ақ ол үй жануарларын асыраушыларға талапты күшейту қажет екенін атап өтті.
«Егер біреу ит ұстаса, оған толық жауап беруі керек. Жай ғана асырап, кейін қараусыз қалдыруға болмайды. Егер ол айналаға қауіп төндірсе, бұл дұрыс емес», – дейді марқұмның әкесі.
Әбшановтың айтуынша, өңірде қаңғыбас иттер мәселесі бұрыннан бар.
«Мен бұл проблеманы бұрыннан сезетінмін. Бір күні үлкен жағдай болады деп ойлайтынмын. Иттер топтасып жүреді, бірақ нақты бақылау жоқ. Қазір де толық шешілді деп айта алмаймын. Әлі де адамдар зардап шегіп жатыр», – дейді марқұмның әкесі.
Айта кетейік, қазір Қазақстанда жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесі қайта талқыланып жатыр. Мәжілісте бұралқы иттерді реттеу, соның ішінде иесіз жануарларды уақытша оқшаулау және қажет болған жағдайда эвтаназия қолдану туралы ұсыныстар айтылды