×

Журналистер сөз бостандығын шектейтін 274-бапты қайта қарауды сұрайды

Тілшілердің айтуынша, заңдағы анықтамалардың айқын еместігі және «қауіп тудыру» ұғымының жалпылама түсіндірілуі үлкен мәселе болып тұр

Журналистер сөз бостандығын шектейтін 274-бапты қайта қарауды сұрайды
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстандық журналистер мен редакторлар Қылмыстық кодекстің 274-бабы «көрінеу жалған ақпарат тарату» нормасын қолдану тәжірибесіне алаңдап, оны қайта қарау жөнінде үндеу жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Журналистердің пікірінше, соңғы жылдары бұл бап нақты құқықбұзушылықтан гөрі, журналистер мен блогерлерге қысым құралына айналған.

«Журналистке қатысты қылмыстық іс қозғау үшін тергеушінің таратылған ақпаратты “көрінеу жалған” және қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді деп субъективті бағалауының өзі жеткілікті», – дейді журналистер.

Авторлар бұл жағдай сотқа дейінгі тергеу кезінде де, бұлтартпау шарасын таңдауда да адамды негізсіз қамауға әкелуі мүмкін екенін айтады. Үндеуде тіпті «қауіп тудыру» деген болжамның өзі адамдарды 10 тәулікке, кейін 2 айға дейін қамауда ұстауға негіз болып отырғаны көрсетілген. Журналистердің айтуынша, ҚК 274-бабында «қауіп тудыратын ақпарат» ұғымына нақты түсініктеме жоқ және оны түсіндіретін Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары да қабылданбаған.

«Қоғамдық тәртіптің бұзылу қаупін немесе зиян келтіру қаупін тудыру фактісінің өзі нақты бұзушылық болмаса, қылмыс ретінде қаралмауы тиіс», – дейді журналистер.

Тілшілер соңғы айларда бірқатар журналистер мен медиа өкілдерінің үйқамаққа алынғанын да сынады. Олардың кінәсі дәлелденбей тұрып-ақ, кәсіби қызметінен шектелуі «жазалау» ретінде бағаланып отыр. Журналистер бұл баптың қазіргі редакциясы өзін-өзі цензуралауға итермелеп, қоғамның ақпарат алу құқығын шектейтінін атап өткен.

Сондықтан олар мынадай ұсыныстарды алға тартады:

  • 274-бапты қолдану тәжірибесін нақтылау;
  • Жоғарғы Сот деңгейінде түсіндіру қаулысын қабылдау;
  • баптың 1 және 2-бөліктерін әкімшілік құқық бұзушылыққа ауыстыру (декриминализациялау).


«Қазақстан Конституциясымен кепілдік берілген сөз бостандығы негізсіз қылмыстық қудалау алдындағы қорқынышпен шектелмеуі тиіс», – дейді тілшілер.

Айта кетейік, 2025 жылдың 1 желтоқсанында «Орда» редакциясының бас редакторы Гүлнәр Бажкенованы үйқамаққа қамап, пәтері мен кеңселеріне тінту жүргізілді. Сол күні күні редакцияға аяқ астынан баса-көктеп кіріп, журналистердің телефондары мен ноутбуктарын тәркіледі. Сондай-ақ кеңседе тұрған қызметкерлердің жалақысын тәркілеп, алып кетті. Ал былтыр сондай-ақ дәл желтоқсан айында КазТАГ ақпараттық агенттігінің бас редакторы Әмір Касенов 274-бап, яғни «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша күдікті деп танылды. Әмір Қасенов қазіргі уақытта үйқамақта. Ал агенттіктің директоры Әсет Матаев 17 наурыз күні кешке «Достық Плаза» сауда-ойын-сауық орталығының маңында болған төбелестен кейін ұсталды. Кейін ол өзіне әлдекімдердің шабуыл жасағанын және зардап шеккенін айтты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →