Сот Әсет Жүкеновке әкімшілік қамау жазасын қолданған жоқ
Астанада сот Бас прокуратура қызметкері Әсет Жүкеновті ішімдік ішкен күйде көлік жүргізгені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналист Михаил Козачковтың мәліметіне қарасақ, оқиға 29 наурызға қараған түні болған. Іс материалдарында Жүкенов жұбайының атына тіркелген Chery Tiggo көлігін басқарғаны жазылған.
Алайда ол өз кінәсін мойындамады. Сотта Жүкенов ішімдік ішкенін растағанымен, көлікті өзі жүргізбегенін айтты. Оның сөзінше, саябақта серуендегеннен кейін тоңып қалған соң тек жылынып алу үшін рөлге отырған, ал көлікті басқа адам жүргізген. Бірақ ол адам сол сәтте оқиға орнында болмаған. Дегенмен, полиция қызметкерлері ұсынған бейнежазбада көліктің жүріп бара жатқаны, ал рөлде дәл Жүкеновтің отырғаны анық көрінген. Бұл жағдайды сотта Астана қаласы прокуратурасының өкілі де растады.
Нәтижесінде сот Жүкеновті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша кінәлі деп таныды. Оған жеті жыл көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар оған әкімшілік қамау жазасын қолданылған жоқ. Бұл ӘҚБтК-нің 32-бабына сәйкес, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерге әкімшілік қамау жазасы қолданылмайтынымен байланысты.
Сот қаулысы апелляциялық сатыдан өтіп, заңды күшіне енді.
Сондай-ақ Жүкеновке қатысты тәртіптік жауапкершілік мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр. Бас прокуратураның мәліметінше, іс материалдары зерделенген. Алайда қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыздық парағында болуына байланысты қазіргі уақытта қандай да бір шара қолдану мүмкін емес. Бұл кезеңде оны жұмыстан босату да, тәртіптік жазаға тарту да қарастырылмайды.