×

Қазақстанда жетім балалар жылдар бойы баспана ала алмай жүр – сенатор

Бүгінгі таңда тұрғын үй алу кезегінде шамамен 61 мың жетім бала тұр, оның 43 мыңнан астамы кәмелет жасына жеткен

Қазақстанда жетім балалар жылдар бойы баспана ала алмай жүр – сенатор
Фото: admbal.ru

Қазақстанда жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі сенатта көтерілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутат Андрей Лукин жетім балалардың ұзын-сонар үй кезегінде тұрғанын, кезектің бір жылжымайтынын тілге тиек етті.

«Бүгінгі таңда тұрғын үй алу кезегінде шамамен 61 мың жетім бала тұр, оның 43 мыңнан астамы кәмелет жасына жеткен. Соған қарамастан, алдағы уақытта бұл кезектің азаймайтыны байқалмайды. Ең көп мұқтаж жандар Алматы облысында – 7 200 адам, Шығыс Қазақстан облысында – 6 400, Қарағанды облысында – 5 900, Қостанай облысында – 5 700, Ақтөбе облысында – 3 000 адам. Осындай жағдай өзге өңірлерде де бар», – деді сенатор Андрей Лукин бейсенбі күні өткен сенат отырысында премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат тұрғын үй құқықтарын жүзеге асыру барысында, әсіресе баспана бөлу кезеңінде жүйелі заңбұзушылықтар бар екенін атап өтті.

«Соңғы жылдардағы тұрғын үй бөлу үдерісін талдау белгіленген нормалардан айтарлықтай ауытқулар бар екенін көрсетті. Қазақстанда жетім балаларға берілген шамамен 60 мың тұрғын үйдің тек 7 мыңға жуығы ғана нақты бөлінген, бұл жоспарланған көлемнің 11,8 пайызын алады. Бұған қоса, балалар үйлерінің кәмелетке толған түлектері көбіне кезекте бұрын тіркелген кәмелетке толмаған жетімдердің болуына байланысты баспана ала алмай отыр. Мұндай жағдайға тап болғандар саны – шамамен 17 300 адам», – деді Лукин.

Сондай-ақ ол кәмелетке толмаған балалардың баспана алу құқығын тек жасқа толғаннан кейін ғана пайдалана алатынын, сол уақытқа дейін мекемелерде тұруға мәжбүр екенін атап өтті.

«Соның салдарынан тұрғын үйлер жетім балалардың басымдығы ескерілмей, өзге санаттағы азаматтарға қайта бөлініп жатады. Оң өзгерістер көбіне бақылаушы органдар араласқаннан кейін ғана байқалады. Бірқатар өңірлерде жетімдерге арналған пәтерлерде бөгде адамдардың заңсыз тұру деректері, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді көшіру кезінде мәліметтердің жоғалуы тіркелген», – деп түйіндеді депутат.

Оның айтуынша, бұл мәселелер жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың әлсіздігін және лауазымды тұлғалардың көзқарасын көрсетеді. Осыған байланысты сенатор кешенді жол картасын әзірлеуді, кәмелетке толған жетімдерге баспана алуда басым құқық беруді, мемлекеттік деректер базаларын біріктіруді, бақылауды күшейтіп, шенеуніктердің жеке жауапкершілігін енгізуді, сондай-ақ тұрғын үй бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды.

Айта кетейік, Qaz365.kz редакциясы бұған дейін Қазақстандағы жетімдер мен көпбалалы аналар тұрып жатқан үй жайлы жазған еді. Қабырғасы көгеріп, сыз болған, ылғал иісі сіңген, төбесінен су сорғалаған бұл үйде көпбалалы аналар, балалар үйінен шыққан жастар және жойылып кеткен ауылдан қоныс аударған тұрғындар күн кешіп жатыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →