×

Қазақстандықтар БЖЗҚ-да миллиардтарды жоғалтты ма? Ұлттық банк жағдайға қатысты түсініктеме берді

Қазақстандықтар БЖЗҚ-да миллиардтарды жоғалтты ма? Ұлттық банк жағдайға қатысты түсініктеме берді
Фото: ЖИ

Соңғы айларда азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) шоттарындағы инвестициялық табыстың төмендегенін байқап, әлеуметтік желілерде «жоғалған миллиардтар» туралы пікірлер көбейген еді. Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық банкі жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қоғамдық талқылауға түрткі болған негізгі мәселе – доллар бағамының әлсіреуі аясында зейнетақы жинақтарының «азайып кетуі» туралы алаңдаушылық. Алайда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, мұнда ешқандай нақты шығын жоқ.

Оның сөзінше, табыстың төмендеуі теңгенің құнының артқанымен және валютадағы активтердің қайта бағалануымен байланысты.

«Қаңтардан наурыздың соңына дейін теңге доллармен салыстырғанда шамамен 5,5 пайызға құны артты. Бұл БЖЗҚ-ның инвестициялық табысының төмендеуіне әкелді. Нақты айтқанда, наурыз айында инвестициялық табыс 240 млрд теңгеге азайды», – деді Молдабекова Сенаттағы брифингте.

Ол сондай-ақ зейнетақы активтерінің шамамен 40 пайызы әртараптандыру мақсатында шетел валютасында сақталатынын еске салды. Ұлттық валюта күшейген кезде бұл активтердің теңгедегі құны уақытша төмендеп, табыстылық көрсеткішіне әсер етеді. Соған қарамастан Ұлттық банк жалпы жағдайдың оң екенін атап өтті:

«Жыл басынан бері инвестициялық табыс оң нәтиже көрсетіп отыр – 172 млрд теңгеден астам. Ал соңғы бір жылда бұл көрсеткіш айтарлықтай жақсарды, шамамен 2,5 трлн теңге».

Молдабекова зейнетақы жинақтарының тиімділігін аз мерзімге қарап бағалау дұрыс еместігін де айтты.

«Зейнетақы активтерінің табыстылығын апталық немесе айлық деңгейде өлшеуге болмайды. Бұл – ұзақ мерзімді жинақ. Сондықтан бағалау да ұзақ мерзімді табыстылыққа негізделуі тиіс», – деді ол.

Бұған дейін азаматтар зейнетақы шоттарындағы қаражаттың азайғанын айтып, алаңдаушылық білдірген болатын. Ұлттық банк мұндай ауытқулар нарықтық факторларға байланысты екенін және бұл қаражаттың нақты жоғалғанын білдірмейтінін мәлімдеп отыр.

Еске сала кетсек, Qaz365.kz редакциясы Антифрод-орталығының деректерін ықшамдап назарларыңызға ұсынған еді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →